Астанаға газ тарту жобасының техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары қайта басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Энергетика министрлігінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Қазақстанның газ өнеркәсібін дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Жиналыста газ саласындағы барлық маңызды және жекелеген мәселелер бойынша тиісінше нақты шешімдер қабылданды. Тауарлық газға баға белгілеу тетігін жетілдіру бойынша ұсыныс енгізілетін болады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ табиғи газды сату бағасын доллар валютасынан ұлттық валютаға ауыстыру жөнінде «Теңізшевройл» ЖШС-мен келіссөздерді жалғастырады.

«Сарыарқа» газ құбыры магистралін салу жобасының (Астананы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырынан: «Қараөзек» (Қызылорда) компрессорлық стансасы-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астанамаршруты бойынша) техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу  (мемлекеттік талдаумен қоса алғанда) жұмыстары қайта басталады.

«ҚазТрансГаз» АҚ және «General Electric» компаниялары облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елді мекендерді газдандыру үшін ілеспе табиғи газдың жаңа технологиясын пайдалану мүмкіндіктерінің кешенді жоспарын әзірлеуді бастайды. 

Сонымен қатар облыстардың және Алматы қаласының әкімдіктері және «ҚазТрансГаз» АҚ 2040 жылға дейін газды пайдаланудың нақтыланған болжамын құрады. Ал ҚР мұнай өндіруші компаниялары 2040 жылға дейін бөліп көрсетілген газдың болжамды теңгерімін есептеп жатыр.  

Мұнай өндіруші компаниялардың және жергілікті атқарушы органдардың табиғи газды пайдалану жөніндегі деректері негізінде Энергетика министрлігі 2040 жылға дейінгі газдың ұзақ мерзімді болжамды теңгерімін әзірлейді.

«ҚазТрансГаз» АҚ Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, Қарағанды көмір алабының көмір қабаттарынан метан өндіру жобасын іске асыруды жалғастырады.

ҚР Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ-пен бірлесіп, ҚХР-ға Ресейдің газын тасымалдау және ҚХР-ға  Қазақстан газын экспорттау  мәселелерін  пысықтау жұмыстарын жалғастырады.