Астанаға іргелес жатқан аудандар этноауылдар құру жобаларын дайындауда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында Астана маңындағы ауылдардың сәулеттік көркін жақсарту мен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне Ақмола облысы әкімдігінен хабарланды.

«Астанаға іргелес елді мекендерді «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындау жұмыстары Ақмола облысы әкімдігімен көрмені дайындау және өткізудің іс-шаралар жоспарымен қарастырылған. Бұл ретте Ақмола облысы республикалық және жергілікті маңызы бар жол торабын абаттандыру, Целиноград ауданы Родина ауылына кіреберіс жолын қайта жаңарту, сонымен қатар Ақмол ауылындағы жаңа құрылыс ауданында көше мен жол желісінің құрылысы, Қосшы ауылында  көшелер мен жол желілерін күрделі жөндеу, елді мекендердің сәулеттік көркін жақсарту, абаттандыру, сондай-ақ жаңа әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды салуды және басқа да шараларды қамтып отыр»,                                                                                                                  - дейді әкімдік өкілдері.

Белгілі болғандай, ағымдағы жылы елордаға іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қараөткелді электр желісімен жабдықтау жобасы іске асырылуда. Жоба аясындағы жұмыстарды биылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделген. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде Целиноград ауданы Қажымұқан ауылындағы жаңа құрылысты электр желісімен жабдықтау жобасын жүзеге асыруды бастауға республикалық бюджеттен қаражат бөлу жоспарланып отыр.

«Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін дайындау мен өткізуге байланысты этнотуризмді дамыту аса өзекті болып отыр. Осы орайда Астанаға іргелес жатқан аудандар этноауылдар құру жобаларын дайындауда. Бұл тұрғыда Аршалы, Целиноград, Ақкөл, Қорғалжын, Ерейментау және басқа да елді мекендер қамтылған. Көрмеге келген қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға оларға қызмет көрсету үшін  ұлттық нышандағы нысандар құрылып, ұлттық тағамдар мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары, салт-дәстүріміз көпшілік назарына ұсынылады. Экскурсиялық бағдарламаларды ұйымдастыру барысында бұл нысандар көрмеге келушілерді қабылдау үшін қамтылады",-деп хабарланды Ақмола облысы әкімдігінен.