Бұл туралы бүгін Астанада ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев мәлім етті.
«2011 жылдың 22 қаңтарында іздестіру және арнайы шаралар кешенін өткізу барысында Астана қаласының ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елорда аумағына есірткі құралдарын жеткізу каналын жою бойынша арнайы операция жүргізді»,-дейді А. Байділдаев.
Арнайы іс-шара кезінде 1971 жылы туған азаматтың Астанаға ірі көлемде есірткі құралын жеткізуге ниеті бар екені анықталған.
«Тұлғаның қылмыстық іс-әрекеттерін болдырмауға бағытталған жедел-іздестіру шарасын жүргізу кезінде күдікті Сарыарқа даңғылы мен Бөгенбай батыр даңғылының қиылысында автокөлігінде келе жатқан тұсында ұсталды. Тінту барысында оның жеке заттарынан 2 гр героин табылды. Автокөлік салонын тексеру кезінде 1 кг 390 грамм героин есірткісі анықталды»,-деп атап көрсетті ол.
Күдікті Астана қаласының ІІД-нің уақытша қамау изоляторына жеткізілді. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 259 бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.