Астанаға «Қазақстан аңыздары» ғылыми-танымдық автокөлік экспедициясы келіп жетті

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанаға «Қазақстан аңыздары» ғылыми-танымдық автокөлік экспедициясы келіп жетті.

«Экспедиция 4 мыңға жуық шақырым жол жүріп өтті. Бұл Қазақстанның шығыс бөлігі, Алматыдан бастадық, Жаркент, Арасан, Алакөл, Зайсан, Марқакөл, Рахман бұлағы, Абай атамыздың туған жері Жидебай арқылы Астана қаласына жетіп отырмыз. Бұл маршрутымыз 12 мың шақырым жерге барады. Оның бойында біз еліміздің тарихын, табиғатын, археологиялық ескерткіштерін, мәдени мұраларын зерттейтін боламыз. Сонымен қатар Қазақстанның ішкі туризмін дамыту мақсатында туристік тізілім жасауға бел буып отырмыз», - дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті география-экология факультетінің деканы Орденбек Назбаев.

Еске сала кетейік, 2012 жылдың 17 қыркүйегінде Алматыдан «Қазақстан аңыздары» автоэкспедициясы аттанған болатын. Экспедиция маршруты Қазақстан табиғатының көрікті де ғажайып өңірлері арқылы өтіп, жалпы қашықтығы 12 мың шақырым шамасын құрайды. Автожорықты ұйымдастырған Қазақ Географиялық Қоғамы, Volkswagen сауда маркасымен шыққан Компания MERCUR AUTO және Kino Park кинотеатрлар тізбегі.

О. Назбаевтың айтуынша, жорық ұйымдастырушылары әуел баста газет, кітап, альбом мен журналдар арқылы қазақстандықтарға, шетелдіктерге Қазақстанның көрікті екендігін, Қазақстанды Еуразияның кіндік тұсында орналасқан тарихы мол, мәдениеті зор халық екендігін көрсетуді ойластырған.

Қазіргі уақытта экспедиция алдында әлі 9 мың шақырымдық жол бар.   

Жорық аяқталғаннан кейін, онда түсірілген фильм KINOPARK кинотеатрлар тізбегі бойынша бүкіл Қазақстан аймақтарында көрсетіледі. Экспедиция нәтижелері негізінде өткен жол егжей-тегжейлері мен ерекшеліктерін және бағдар бойын сипаттайтын фотоальбом әзірленеді.