Астанаға келе жатқан әлемнің әйгілі футболшылары туралы не білеміз?
Жан-Пьер Папен
Папен 1963 жылы Францияның Бульон-сур-мер қаласында дүниеге келген. Айта кетерлігі, арада 20 жыл өткеннен кейін Франция футболының тағы бір жарық жұлдызы Франк Рибери де осы шаһарда өмір есігін ашқан.
Папен жастайынан атасы мен әжесінің қолында өскен. Кейін атақты футболшы болып қалыптасуына атасы мен әжесінің берген еркіндігі сеп болғанын есіне алғаны бар. «Кім біледі, қатал әке мен шешенің қолында өссем, мені басқа мамандыққа берер ме еді?..» деген екен. 15 жасында футбол мектебіне түскен ол бұдан кейінгі екі жылын «Виши» клубында өткізеді. Өзінің тұңғыш «Валансьена» командасы үшін бір маусым өткізіп, 33 матчта салған 15 голымен іргелі клубтардың жаттықтырушыларын жалт қаратқан екен.
Бір қызығы, франциялық жаттықтырушылар естерін жиып болғанша, Папенді бельгиялық «Брюгге» командасы «жұлып» әкетіпті. 23 жастағы шабуылшы бельгиялық клуб сапында 43 матч өткізіп, 32 гол салады. Папеннің УЕФА кубогында португалдық «Боавишта» командасына салған хэт-тригі франциялық клубтардың жаттықтырушыларын сан соқтырған.
Кейін Еуропаның түрлі клубтарында өнер көрсеткен Папен 1988-1992 жылдар арасында қатарынан 5 жыл бойы «Алтын доптың» иегері атанады. Ал 1986 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болса, бұдан кейін де Францияның 4 дүркін чемпионы, Италия, Бельгия, Франция Супер Коубоктарын жеңіп алады. Еурокубоктың 56 матчында 38 гол соққан Папеннің рекордын бірнеше жылдан кейін ғана отандасы Тьерри Анри жаңартқан.
Футбол сүйер қауым Папеннің мәнерін жылдамдығы найзағайдай Мессимен салыстырады. Футболшы 1999 жылы 30 мамырда соңғы матчын марсельдік «Велодроме» сапында өткізді. Гол соқпаса да жанкүйерлері Папенді алаңнан қошеметпен шығарып салды.
Гаиска Мендьета
Мүйізі қарағайдай футбол сарапшылары әлемдік жанкүйерлерді «Валенсия» командасына ғашық қылған дәл осы Гаиска Мендьета деседі. Футболшы 1974 жылы Испанияның «Бильбао» қаласында туған. «Депортиво Кастельон» сапында жасындай жарқылдаған Гаисканы 1991 жылы «Валенсияның» жаттықтырушысы Гус Хидинг шақырып алады.
...Атақ Мендьетаға бірден келе қойған жоқ. Өйткені, алғашқыда қорғаушы қосалқылардың орындығында сарылып отыратын. Бұған қоса матчқа жіберілген күннің өзінде жаттықтырушы оны ортаға жібермей, оң жақ қапталда ұстайтын. Осыдан болар, команда сапындағы 99 матчта Мендьета бар-жоғы екі-ақ гол салған.
1997 жылы «Валенсияның» басшылығына италиялық маман Клаудио Раньери келеді де, футбол клубының тасы бірден өрге домалайды. Командасымен бірге Мендьета да өрлей бастаған. Бұрын жолы болмай жүрген футболшы 1997 жылғы маусымда қарсылас командалардың қақпасына 10 гол тоғытып жібереді.
2000 жылдарға таяу футбол клубтары арасында Мендьета үшін кәдімгідей талас басталады. Әйгілі «Реал» командасы футболшы үшін 24 млн еуро ұсынғанымен, одан екі есе ақы ұсынған «Лацио» Мендьетаны көндіреді ақыры. Дегенмен, италиялық қатқыл футбол айла-шарғылы Мендьетаның оң жамбасына келе бермейтін. Кейін «Мидлсброға» ауысқанымен алған ауыр жарақат футболшының жағдайын қиындатып жіберген еді. Аталған командамен келісім шарты біткеннен кейін ол 2008 жылы футболмен қош айтысты.
Мендьета Испания сапында 2000 жылы және 2002 жылдары өткен Еуропа және Әлем чемпионаттарында өнер көрсеткен. 2002 жылы үздік сегіздікке кірерде Испания Ирландиямен тең түсіп, ақыры пенальтиде қарсылас командаға жеңіс голын осы Мендьета салған болатын.
Дино Баджо
Дино Баджодай өткен ғасырда алаңның ортасында ойқастайтын жартылай қорғаушы кемде-кем еді. Футбол әлеміне тоқсаныншы жылдардың басында келген ойыншы жас кезінде «Ювентус» сапында жүріп, өзінің әлеуетін таныта түскен. Бірақ, Баджоның бағы «Парма» сапында жүргенде ашылған болатын. Дәл осы команданың сапында футболшы өміріндегі ең биік мансапқа жетті.
«Парма» тоқсаныншы жылдардағы бір матчта «Марсельді» күйрете жеңіп, УЕФА Кубогын ұтып алады. Баджо ол уақытта қарсылас команданың қақпасын қақыратпаса да, капитан ретінде Ескі Кеңестің еурокубогын екінші болып көкке көтерді. Ойын кезінде Баджоның бір қауіпті жағдайға тап болып қалғаны бар. «Висла» құрамында ойнап жүрген кезінде футболшының басына пышақ қадалып қала жаздаған. Құдай қолдап, аман қалғанымен сол тұста осы кадр бүкіл әлемге тарап кеткен еді.
Дино Баджо Италия құрамасының сапында өнер көрсеткен 20 жастағы екі футболшының бірі болды. Оның екіншісі - Арриго Сакки еді. Он жыл бойы осы екі футболшы ұлттық құрамада орталық алаңды ешкімге бермеді.
Баджо үшін ең ірі алғашқы турнир 1994 жылы Америкада өткен. «Скуадра» турнир басталмай жатып-ақ ең сәтсіз ойындардың бірін көрсетіп, алғашқы матчта Ирландиядан жеңіліп қалған. Екінші ойында да он футболшымен алаңда жақсы нәтиже көрсете алмай, команда қиын жағдайға тап болған еді. Дәл осы тұста Италияны Баджо құтқарып алды! Келесі кездесуде Италия Норвегияны тізе бүктіреді де, бірде төрт финалда Баджо Испанияға гол салып, команда алға шығады.
Баджоның бағын ашқан турнирдің 7 матчының алтауына қатысқан футболшының арқасында ғана қарсыластар алаңның ортасынан ары аса алмай дегбірі қашатын. Бір Баджо алаңда бірнеше футболшыға тең еді. Финалда аяғы әбден болдырған жартылай шабуылшыны көтеріп әкетуге аз ғана қалған. Алаңда ойыншы барын салды.
Осылайша, азуы алты қарыс Бразилия ақтық сайыста Италиямен кездесті. Тең ойынның соңы пенальтиге ұласқан. Одан ары не болғанын футболсүйер қауым ұмытпаған болар...
Бүгін де Баджоның жасы 46-да. Екі баласы бар ардагер футболшы Қазақстанға Томболо қаласынан келе жатыр.
Манише (Нуну Рикарду де Оливейра Рибейру)
Биыл жасы қырыққа толатын Лиссабон қаласының тумасы Манише футболдағы жолын «Бенфикада» бастаған. Арасында «Алверка» командасына ауысып кеткенімен алғашқы командасына қайтып келгені бар. Бірақ, футболшының нағыз бағы «Порту» сапында ашылған еді. Арасында Манише бар «айдаһарлар» екі мәрте Португалияның Кубогы мен Супер Кубогында топ жарған.
2004 жылы Португалияда өткен Еуропа чемпионатында Манишенің Голландия қақпасына салған фантастикалық голы футбол сүйер қауымның әлі де есінде болар. Алыстан тепкен доптың қақпаны дәл тапқанына таң қалған ресейлік коментатордың «Мен бұл голға сенбеймін. Доп бұлай да ұшады екен ғой» дегені бар. Аталған кездесуде голландықтар 2:1 есебімен портуғалдықтарға тізе бүккен болатын.
2005 жылы португалдықты Мәскеудегі «Динамо» командасы сатып алады. Бірақ, жоғары дәрежедегі футболға үйреніп қалған ол көп өтпей, «Челсиге» ауысып кетіп, 2005 жылы Англия чемпионы атанды. Ал 2006 жылы футболшы мадридтік «Атлетико» құрамасынан бір-ақ шықты. 2009 жылы келісімшарттың аяқталуына екі ай ғана қалған уақытта Манише дауласып жүріп, «Атлетико» құрамасын тастап кетті. 2011 жылы «Спортингтің» сапында жүріп, футболмен қош айтысты.
Манише Еуро-2004 сайысында күміс жүлдеге ие болған. 2003-2008 жылдар аралығында Португалия құрамасының сапында 53 матч өткізіп, 7 гол салған.
Эрнан Креспо
Оңтүстікамерикалық футболшы 18 жасында ғана үш маусымда 36 гол салып, еуропалық командаларды таң қалдырған. 1996 жылдардан кейін Роналдо мен Нванкво Кану сынды мықтыларды басып озған жас футболшының хэт-трикті матчтары Еуропаны елең еткізген. Бұдан кейін «Вальданито» деген атпен атағы алты құрлыққа тараған футболшыны өзіне тарту үшін еуропалық командалар барын салды. Олимпиадалық финалдан кейін бар-жоғы 11 күн өткен соң Креспо «Парма» командасымен келісімшартқа отырды.
«Парма» үшін бұл келісім өз тарихындағы ең ұтымды шешім деп айтуға болады. Аргентиналық 4 жылдың ішінде 80 гол салып, командасына Италия Кубогы мен УЕФА Кубогын жеңіп алуға жол ашты. 2000 жылдың жазында «Парма» Эрнанды «Лациоға» 41 млн фунтқа сатып жіберді. Ең қызығы, «Пармаға» футболшы 3 млн фунт үшін ғана келген болатын.
Креспоның бір жылдары әлемдегі ең қымбат футболшы болып кеткені кезі бар.
Бірінші матчта-ақ ол «Лационы» өрге сүйреп, Италияның Супер Кубогында жеңіске жеткізді. Екінші маусымда жарақаты салдарынан Креспоның жолы болмады. Одан кейін футболшы «Интерге» ауысып кетті.
«Интерден» Креспоны Роман Абрамович сатып алды. Гудьонсен и Хасселбайнк қатарлы кіл мықтылардың арасында Креспо кейде алаңға шыға да алмай жүретін. 2012 жылға дейін бірде «Милан» сапында, бірде «Челси» мен «Интерге» қайтып келіп жүріп, ақыры Креспо футболмен қош айтысты.
Бутцасын шегеге ілгеннен кейін футболшы жаттықтырушылыққа бет бұрды.
Әлемге әйгілі футболшылармен бірге Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов сынды ала доптың ардагерлері де Астанаға ат басын бұрмақ. «Астана Арена» стадионында 5-6 тамыз күндері дүбірлі дода өтеді. Ұйымдастырушылар әлі де болса қазақстандық балалар үшін шеберлік сыныптарын өткізетін әлемге әйгілі футболшылардың тізімін жариялаған жоқ. Сондықтан, жоғарыда аталған футболшылардан бөлек, тамыздың басында әлемді мойындатқан өзге де кіл мықтыларды «Астана Арена» стадионында көріп қалуымыз әбден мүмкін.