17:16, 22 Мамыр 2009
Астанаға келген шетелдік меймандар ризашылықтарын білдірді
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Грекия және Австрия мемлекеттерінен арнайы келген меймандармен жеке кездесулер өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кездесулерге Грекиядан Парламент депутаттары Димитриос Христофилоянис пен Вирон Полидорас, сондай-ақ Австрия Республикасы Парламентінің депутаты Карл Оллингер қатысты.Меймандар аталған халықаралық конференцияға шақырғандары үшін ризашылықтарын жеткізді және «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыруда табыс тіледі. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне үлкен дайындықпен баратынына сенім білдірді.Грекиядан келген меймандар Қазақстанның тарихымен, өнері және мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алғандарын айтты. Қазақстандық әріптестерін өз еліне шақырды. Конференция аясында көп тәжірибе жинақтап, әріптестерімен кеңірек пікір алмасқандарын мәлім етті.Ал австриялық мейман Астанада өткен форумда еуропалық елдердің парламентшілері бас қосып, келелі мәселелерді талқылағанын, Қазақстан мен Еуропа елдерінің ынтымақтастық байланысын арттыра түсуге бағытталған ойлар ортаға салынғанын атап өтті. «Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері бейбіт тұрып жатыр. Дінаралық және ұлтаралық татулықты сақтау бағытындағы қазақ елінің іс-тәжірибесімен таныстым. Өз әріптестеріме алған әсерімді жеткіземін», - деді Карл Оллингер мырза.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары маңызды конференцияға келгендері үшін меймандарға рақмет айтып, депутаттық қызметтеріне табыс тіледі.