Астанаға кіреберіс бекеттерде блокпосттар орнату мәселесі қаралып жатыр – полиция департаменті

Фото: Фото: Жамбыл облысының полиция департаментінен

АСТАНА. KAZINFORM –  Елорда аумағына кіреберіс бекеттерде блокпосттар орнату жағы қаралып жатыр. Бұл туралы қалалық полиция департаменті көші-қон басқармасының бастығы Ербол Махметов мәлім етті. 

«Біз бұған дейін де ұлттық қауіпсіздік мәселесін үнемі көтеріп келеміз. Сіздің баяндамаңызда айтылғандай, елордада күн сайын 225 мың көшіп-қону жүріп жатыр. Бұл рас па? Осы сұрақты қозғаған себебім, біріншіден қалаға құрамы таза емес ет әкелініп жатыр, екіншіден есірткі еркін тасымалдануда, үшіншіден, сіз айтқандай, оңтүстіктен адамдар көшіп келіп жатыр деп, олардың кім екенін біз білмейміз», - деді Астана қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Азамат Айтқожин ұсынды.

Комиссия төрағасының айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірлері арқылы Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары шекарадан еркін кіріп жатыр. 

«Қалаға кіреберіс жерлерде блокпосттар қою мәселесі қаралып жатыр. Бұл мәселе Ішкі істер министрінің алдында айтылды, ведомство басшысы келіседі деп ойлаймын», - деп жауап берді Астана қалалық полиция департаменті көші-қон басқармасының бастығы Ербол Махметов сауалға.

Өз кезегінде Азамат Айтқожин блокпосттарды қою мәселесін тезірек шешу керектігін айтты.