Астанаға LRT-ның тағы екі жылжымалы құрамы жеткізілді
АСТАНА.KAZINFORM — Астанаға жеңіл рельсті көлік желісін (LRT) сынақтан өткізу бойынша жоспарлы іс-шаралар аясында тағы екі жылжымалы құрам жеткізілді. Бұл туралы CTS-ке сілтеме жасап, Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.
17 және 18 қазанда құрамдар мына эстакадаға орнатылады:
• 17 қазанда бірінші құрам – Қабанбай батыр даңғылы «Астана жұлдызы» стелласы маңындағы №104 және №105 станциялар арасындағы аралықта;
• 18 қазанда екінші құрам – Ш. Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында, №113 (Министрліктер үйі) және №114 (Ұлттық музей) станциялар арасындағы аралықта.
18 қазан сағат 00:00-ден 19 қазан сағат 06.00-ге дейін мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, көтеру-монтаждау жұмыстарын орындауға байланысты Ш.Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылыстарында көліктердің қозғалысы уақытша шектеледі.
Еске сала кетейік, 29 қыркүйектен бастап Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесі сынақтық пайдалануы басталды. Бұл – инфрақұрылымның техникалық дайындығын, қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар үшін қолайлылығын тексеруге мүмкіндік беретін маңызды кезең екені хабарланды.
Ал LRT пойыздарын іске қосу уақыты мен жол ақысына қатысты мәліметпен танысқыңыз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.