Астанаға сегіз айда 28 мыңға жуық адам тұрақтады

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың қаңтар-тамызында елордаға 27615 адам келіп, 17242 адам кетті. Бұл туралы astana.kz сайтына Статистика департаментінен хабарлады.

«2013 жылдың қаңтар-тамызында 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда Астана қаласына келгендер саны 22,2%, кеткендер саны 21,6% азайды», - делінген ақпаратта.

Қаланың негізгі көші-қон алмасуы өңіраралық көші-қон есебінен қалыптасқан: 2013 жылдың қаңтар-тамызында келгендер - 16268 адамды, кеткендер 6928 адамды құрайды.

Бұдан басқа, елордаға өзге елдерден де келетіндер бар. Астана қаласының мына ТМД елдерімен көші-қон айырымы оң мәнді: Өзбекстан (+429 адам), Қырғызстан Республикасы (+187 адам), Ресей Федерациясы (+52 адам), Әзірбайжан (+26 адам), Армения (+16 адам), Тәжікстан (+10 адам), Украина (+7 адам) және Түркіменстан (+2 адам).

Басқа елдермен оң мәнді көші-қон айырымы, негізінен, Қытай (+260 адам), Моңғолия (+33 адам), Түркия (+26 адам), Грузия (+7 адам) және АҚШ-пен (+5 адам) қалыптасты.

Айта кетейік, ұлты бойынша көші-қондар құрылымындағы айтарлықтай үлес салмақты қазақтар келгендердің жалпы санынан 87% және кеткендер санынан 85,5% алады.

Келгендер мен кеткендер арасында орыстардың үлесі 7% және 9,3%, украиндар - 0,9% және 1,1%, корейлер 0,8% және 0,5%, татарлар 0,7% және 0,9%, немістер 0,5% және 0,8%, тиісінше өзге ұлттар 3,1% және 1,9% құрайды.