Астанаға Сирияда атысты тоқтатуға кепіл болатын елдердің делегаттары келді
«Астанаға алдағы кездесуге қатысушы елдердің делегациялары келді. Бүгін олар консультация жүргізеді. Ал ертең сириялық реттеу бойынша халықаралық техникалық кездесу өткізіледі», - деді ақпар беруші.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, Астанада кезекті Сирия бойынша кездесу өткізілуіне түсінік берді.
Оның айтуынша, қазақстандық СІМ-ге 6 ақпанда Астанада Ресей, Түркия, Иран делегацияларының және БҰҰ өкілінің қатысуымен сириялық реттеу бойынша халықаралық техникалық кездесу өткізу жөнінде өтініш келіп түскен.
Айта кетерлігі, атысты тоқтата тұру жөніндегі режімді сақтауды бақылау бойынша тетіктерді қалыптастыру жөнінде келісім 23-24 қаңтарда Астана процесі барысында Сирия бойынша халықаралық кездесуде қол жеткізілген болатын.