Фейсбуктегі ресми парақшасында қалалық денсаулық сақтау басқармасы аурудың алдын алу шараларын тағы бір еске салды. Дәрігерлер суық тигізіп алудан сақ болуды, адам көп жиналатын орындарда ұзақ болмауды, дұрыс тамақтануды, белсенді өмір салтын ұстануды, таза ауада жиі серуендеуді, тазалық ұстануды, бөлме ішін күніне 1-2 рет жуып, ауасын жиі кеңейтіп отыруды ескертеді.
«ЖРВИ ауруына шалдыққан адамдармен көп араласқан жағдайда арнайы медициналық масканы тағуды ұмытпау қажет. Жылы бөлмеде көп болған кезде мұрын қуысын ылғалды орамалмен сүрту керек. Эпидемия кезінде далаға шығар кезде мұрынға оксолин майын жағуды да ұмытпаңыздар. Сонымен қатар аязды кезең басталмай тұрып, бір ай бұрын тұмауға қарсы екпе жасату ұсынылады», - делінген хабарламада.
Оның үстіне балаларға жіті көңіл бөлуді, ауырып қалған жағдайда нақты диагностика жасату мақсатында дәрігерге көрсеткен жөн, себебі ЖРВИ белгілеріне ұқсас өзге де қауіпті аурулар бар. Тұмауратқан адамдардан аяғы ауыр және қарт адамдарды алыс ұстаған дұрыс.