Тұрғындарға фермерлерден тікелей жеткізілген ет, балық, сүт және азық-түлік өнімдерінің түр-түрі ұсынылып отыр. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, үш өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астанаға 400 тоннадан астам өнім әкелді.
Оның ішінде 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 100 тонна ет және ет өнімдері, 40 тонна бал, 25 тонна сүт өнімдері, 17 тонна бақша өнімі, 10 тонна балық және 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.
— Бұл жәрмеңке басталғалы тұрақты келіп тұрамын. Себебі жәрмеңке тек қолжетімді бағаға азық-түлік алу мүмкіндігі ғана беріп қоймай, сапасы жоғары, әр өңірдің өзіне тән ерекше өнімдерін алуға септік етеді.
Мәселен, өткен аптада Қызылорданың күріші мен тары-талқаны, қауындары үшін келсем, осы жолы Маңғыстаудың шұбаты, қызыл балығы, Семейдің ши бауырсағы мен Саржал қымызы, Алматының апорты үшін келдім. Жалпы жәрмеңке халыққа ерекше бір мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Толтырып бәрін ала беру міндет емес, өңірдің өзіне тән ерекше өнімдерінен дәм тату сол өлкеге барып келгендей әсер сыйлауы маңызды, — дейді елордалық Айгүл Құлданаева.
Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша өңірден елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Жәрмеңкеге облыстың әр өңірінен келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынып отыр.
Жәрмеңке аясында бұл өңірден 50 тоннаға жуық ет, 70 тонна бал, 30 тонна көкөніс, 30 тонна қарбыз, сондай-ақ сүт және шұжық өнімдері, қымыз, ұлттық тағамдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері кең ассортименті ұсынылуда.
Ең бастысы, барлық өнім жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей жеткізілді. Бұл делдалдар санын азайтып, өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.
Басты мақсат — Абай облысының сапалы әрі табиғи өнімдерін елорда тұрғындарына таныстыру, жергілікті өндірушілерді қолдау және өңіраралық сауда байланыстарын нығайту.
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтуде. Сондай-ақ жәрмеңке кезінде елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін аталған орынға № 18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынауда. Жәрмеңке сағат 09:00–ден 18:00–ге дейін жұмыс істейді.