Астаналық 8-сынып оқушысы бес асықтан Қазақстан чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы №86 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Гүлім Жұмабай ұлттық спорт түрі – бес асықтан Қазақстан чемпионы атанды. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Жас спортшы жарыс барысында шеберлігі мен табандылығын көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрініп, ел чемпионы атанды.

Бұл жетістік — Гүлім Жұмабайдың тынымсыз еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі.

Келешек мектептерінде оқушылар асық атып, тоғызқұмалақ ойнайды

Айта кетейік, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында еліміздегі Келешек мектептерінде үзіліс кезінде ұлттық ойындар ойнау тәжірибесі жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бастама оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырудың жаңа тәсілі ретінде енгізілді. 

Мәселен, Астана қаласындағы № 92 мектепте дәліздің бір бөлігі ұлттық ойындарға бейімделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осының нәтижесінде оқушылардың ұлттық болмысты тануына және өскелең ұрпақ арасында тарихи-мәдени мұраларға құрмет қалыптастыруға жол ашылды.