Астаналық альпинистердің өліміне қатысты түсінік берілді

Фото: Фото: Midjourney

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астанада жұмыс барысында мерт болған альпинистердің өліміне қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform. 

«Мен басқаратын комитет мемлекеттік еңбек инспекциясын қадағалайды. Оның ішінде өнеркәсіп еңбек инспекциясы да бар. 12 қазанда Астанада төтенше жағдай болды. Іс тергелді. Нәтижесінде өнеркәсіптік альпинизмді реттейтін норма жоқ», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоғарыда жұмыс істеудің ережесін бекіткен.

«Дегенмен жоғарыда жұмыс істеу мен өнеркәсіптік альпинизм екеуі екі дүние. Өнеркәсіптік альпинизм жұмыс істеу әдісі өнеркәсіптік еңбек инспекциясына қарайды», - деп түсіндірді ол.

Еске салайық, биыл 12 қазан күні астаналық тұрғын үй кешенінің құрылысында 4 альпинист биіктен құлап, қайтыс болды. 

14 қарашада Астанада өнеркәсіптік альпинистердің мерт болуына қатысты ЖК басшысы қамауға алынған еді.