Астаналық ғалымдар ауаға тараған көмірқышқыл газын сіңіріп алатын ерекше батпақ ойлап тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Nazarbayev University Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің ғалымдары ассистент-профессор Махмуд Лейланың жетекшілігімен көмірқышқыл газын тұтудың табиғи тәсілін өндіріске енгізудің жолын ойлап тапты. Бұл жаңалық әлемде беделді саналатын Nature Scientific Reports журналына жарияланып отыр.
Ежелден тау жыныстары ауаға тараған көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, қайта атмосфераға шықпайтындай етіп «қамайды». Соның салдарынан өзі де қатты минералға айналады. Бірақ индустриялық революциялар табиғаттың теңгерімін бұзып, ауаға тараған көмірқышқыл газын жер шары сіңіріп үлгермейтіндей деңгейге жеткізген. NU ғалымдары осы табиғи процесті жылдамдатудың тәсілін ойлап тауыпты.
Жоба авторлары көмірқышқыл газын сіңіруге құрамында темір мен магний мол тау жыныстарын таңдап алған. Көмірқышқыл газын бойына сіңірген тау жынысы төмен температура мен қысымның әсерінен тасқа айналып, улы газды ауаға қайтып тарамайтындай күйге түсіреді.
Осы процесті табиғи процестен қаншалықты жылдам етуге болатынын тексеру үшін ғалымдар компьютермен модельдеу әдісін қолданыпты. Соның арқасында реакция басталғаннан кейін бір аптаның ішінде қоспадағы көмірқышқыл газының деңгейі құбылатынын байқаған. Ал үш айдан кейін қоспа тұтас қатты минералға айналып, көмірқышқыл газы мәңгіге «қамалған». Кейін компьютер модельдеп берген тәсілді арнайы реактормен сынап көрген. Ол кезде нәтижеге бір айдан аз уақыттың ішінде қол жеткен.
- Бұл зерттеудің экологиялық жағынан бөлек, экономикалық тиімділігі де бар. Көмірқышқыл газы сіңірілген қатты минералдарды экологиялық жағынан таза құрылыс материалы ретінде, жылу оқшаулайтын материал ретінде пайдалануға болады, - дейді Махмуд Лейла.
Айтуынша, мұндай оқшаулағыш карбонаттардың бір тоннасы нарықта 25 мың доллар тұрады.
Ғалымдар көмірқышқыл газын сіңіру процесін жылдамдату үшін катализаторлар мен химиялық қоспалар қосып, тау жынысын ұнтақтап пайдаланған. Бұл процесті өндірістік ауқымда іске асыру қымбатқа түсетінін жасырмайды, өйткені мол су мен күшті қуат керек.
- Зерттеу аясында су көздері осы процеске қаншалықты оңтайлы екенін бағалап жатырмыз. Ультрамафит (темір-магнийлі жыныс) қалдықтарын қолдану мүмкіндігін де зерттейміз, - дейді NU ассистент-профессоры.
Жоба авторлары көмірқышқыл газын қауіпсіз сіңіруге жарамды тау жыныстары әсіресе Ақтөбе, Қарағанды облыстарында көп шоғырланғанын айтады. Сол жыныстардың көмегімен миллиардтаған тонна көмірқышқыл газын сіңіруге болады. Ғалымдар осы мүмкіндіктің арқасында Қазақстанды аймақтағы көмірқышқыл газын қауіпсіз сақтайтын бірден-бір орталық етуге болады деп отыр.
Бұған дейін инженер Анар Сандығұлова аутизм ерекшелігі бар балаларды жасанды интеллектіге негізделген робот терапиясы арқылы оңалту әдістемесін әзірлегенін жазған едік.