Астаналық косметолог лицензиясыз жұмыс істеп, денсаулыққа зиян келтіргені үшін сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Cоттың үкімімен елорда тұрғыны медициналық қызметпен лицензиясыз айналысып, денсаулыққа зиян келтіргені үшін сотталды. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы баспасөз қызметі мәлім етті.
Ол тиісті лицензия мен сертификатсыз, сақтау мерзімі өткен филлерді қолданып, косметикалық процедуралар жүргізген. Нәтижесінде жәбірленушінің денесінде қабыну процесі болып, медициналық көмекке жүгінген.
«Кінәліге 1 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, мәжбүрлі еңбекке тартылып, медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды», — делінген хабарламада.
Сотталғаннан жәбірленушінің пайдасына 5,8 млн теңге материалдық және моральдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы азаматтарды медициналық процедураларды қабылдау үшін тек лицензиясы бар білікті мамандарға ғана жүгінудің маңыздылығы туралы ескертеді.