Астаналық құрылысшылар: Жүк көлігін өлшейтін жүйе тұрғын үй бағасын өсіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматты жүйенің кесірінен тұрғын үй бағасы қымбаттауы мүмкін. Құрылысшылар мен жүк тасымалдаушылар осындай уәж айтып, дабыл қақты.
Бетон құю ісіне бөгет болды
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев қыркүйек айында іске қосылған жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған жүйенің құрылыс материалдарын, соның ішінде бетонды жеткізу жұмысына кедергі келтіріп жатқанын айтты.
— Біздегі қазіргі қолданыстағы негізгі бетон тасушы жүк көліктерінің сыйымдылығы — 8-10 текше метр. Егер олар толтырып бетон құйдырып алса, онда көлік салмағының шекті межесі — 25 тоннадан асып кетеді. Қазір олар бір жолда тек 3-3,5 текше метр ғана бетон тасуға мәжбүр. Ал заңды бұзса, оларға қаншалықты артық салмағы барына байланысты 400 мыңнан 3,7 млн теңге арасында айыппұл салынады, — дейді ол.
Одан бөлек, бұлай тасымалдау бетон құю технологиясын да бұзуға себеп болуы ықтимал көрінеді.
— Бетон бөліп-бөліп емес, бірден, арасына қабат салмай құйылуы керек. Аз мөлшерде құйылып, ол қата бастағанда тағы үстіне әкеліп құйылса, ол технологияның бұзулына әкеледі. Нысанның іргетасында ондай кемшілікке жол берілсе, оның соңы үлкен апаттарға соқтыруы мүмкін. Ал қазір салынып жатқан ғимараттардың ішінде мектеп, аурухана, тұрғын үй секілді маңызды нысандар да бар, — дейді Талғат Ерғалиев.
Тұрғын үй бағасы өседі
Құрылысшылар одағы төрағасының айтуынша, бұрын 8-10 текше метрлік ауыр жүк көлігінің бір рет қатынауы 32 мың теңгеге бағаланған. Яғни бетон тасушы компаниялар бір текше метр өнімді жеткізуге 3200-4000 теңге алған. Ал қазір сол жүк көліктері бір жолда тек 3,5 текше метр өнім жеткізетіндіктен, әр текше метрдің бағасы 9142 теңгеге көтерілген. Бұл логистиканың 2,5 есеге жуық қымбаттауына әкеліп отыр.
«Жетісу ЖК» құрылыс компаниясының басшысы Жанат Төлегеновтің айтуынша, қысқы мерзімде аз мөлшерде құйылуы себепті температурасы төмендеген бетонды қайта жылыту керек болады.
— Бетон зауыттан 26 градуспен шығады. Құрылыс нысанына жеткенде ол 15 градус болып тұруы керек. Яғни бетон жылы күйде құйылуы тиіс. Қазір тасымалдаушылар аз мөлшерде жеткізуіне байланысты ол 5 градусқа дейін салқындап қалып жатыр. Құрылыс нысанына жеткен соң біз оны қайтадан жылытып, электр энергиясын жұмсаймыз. Бұның бәрі көп шығын әкеледі, — дейді ол.
Құрылысшылар одағының Астана қаласы бойынша филиалының директоры Вячеслав Лазарев бетон бағасының өсуі тұрғын үй бағасының өсуіне әкелетінін айтты.
— Бетон негізгі құрылыс материалының қатарына жатады. Ол тек жеке нысандарды салуда ғана емес, мемлекеттік мекемелерді салуда да пайдаланылатынын ұмытпау керек. Кейбір жағдайларда тұрғын үйлердің жалпы құнының 10-15 пайызға жуығын бетонды жеткізу және оны құю кезіндегі шығын құрайды. Осы орайда бетонға қатысты, атап айтқанда жеткізу, қабылдау, монтаждау секілді қызметтердің кез келгенінің бағасы көтерілуі түптен келгенде шаршы метрдің бағасы өсуіне әкеледі. Ал ол сатып алушының қалтасына салмақ салады, — деді Лазарев.
Бетон қабылдаушылардың жалақысы 2 есе азайды
Жанат Төлегенов бетон қабылдаушы монолитшілердің көбі басқа жұмысқа ауысып жатқанын атап өтті.
— Бұрын бір монолитші күніне 30 текше метр бетон қабылдайтын. Осы көлемді орындағанда оның бір айлық жалақысы 700 мың теңге шамасында болатын. Қазір тасымалдау саласындағы жоғарыда айтқан кедергілерге байланысты олар күнінен 15-16 текше метр бетон қабылдайды, сәйкесінше жалақысы да екі есеге жуық азайды. Осы себепті бетон құюшылар басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болып отыр, — деді ол.
Көлік кептелісі артты
Жиында айтылған тағы бір дерек, Астанада 30-дан астам бетон зауыты бар екен. Әр зауыт шамамен алғанда күніне 1000 текше метр бетон шығарады. Оны тасымалдау үшін жүк көліктері шамамен 300 мәрте қатынайды. Жүк көліктері сыйымдылығының тек үштен бірі пайдаланылатындықтан, олардың қатынау саны үш есе артады. Осылайша елордада қазіргі таңда бұрынғыдан күніне 20 мың рейс артық орындалады. Бұл өз кезегінде көлік кептелісінің артуына ықпал етеді.
Ұрымтал тұстағы ұсыныс
Жүк тасымалы және құрылыс саласының өкілдері осы орайда бұл шектеуді 5 жылға шегере тұруды ұсынады. Себебі кәсіпкерлер 8-10 текше метрлік жүк көліктерін лизингке алған. Енді ол несиенің негізгі бөлігі жабылуы және көліктер ескіріп, белгілі бір амортизациялық кезеңнен өтуі қажет.
Көлік министрлігінің жаңа бұйрығына сай, ендігі жерде бетонды 4 текше метрлік жүк көлігімен тасымалдау ыңғайлы. Ал ондай көліктер қазір жоқтың қасы. Жүк тасымалымен айналысатын компаниялар осы 4-5 жылдың ішінде сондай көліктерге көшіп үлгеруі тиіс.