Астаналық оқушылар Юпитерден энергия алу идеясымен әлемдік байқауда топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесіне қарасты Алматы қаласы Медеу ауданындағы мектеп оқушылары National Space Society ұйымдастырған Space Settlement Contest 2026 халықаралық байқауында жоғары нәтиже көрсетті.

Фото: НЗМ

Әлемнің 31 елінен 23 мыңнан астам оқушы қатысқан беделді ғылыми-инженерлік додада қазақстандық оқушылар «Icarus: Baiterek» жобасымен 1-орын, ал «Promethius» жобасымен 3-орынды иеленді.

Байқау қорытындысы бойынша екі команда да өз жобаларын International Space Development Conference 2026 халықаралық конференциясында таныстыруға шақырту алды. Аталған шара 2026 жылдың маусым айында Вирджиния штатында өтеді.

Айта кетейік, Алматы-Медеу бағытындағы NIS командасы өткен жылы да осы байқауда бірінші және екінші орындарды иеленген болатын.

«Icarus: Baiterek» жобасы Юпитер жүйесіндегі Каллисто орбитасында орналасатын өзін-өзі қамтамасыз ететін ғарыш станциясының ғылыми тұжырымдамасына негізделген. Жоба ғарышта тұрақты өмір сүру мүмкіндігін зерттеумен қатар, Жердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, Юпитердің жоғарғы қабаттарынан алынатын баламалы энергия көздерін Жер жағдайына бейімдеу арқылы қазба отынға тәуелділікті азайту ұсынылады. Сонымен қатар станцияда жасанды гравитация жасау, суды 90%-ға дейін тазарту және хлорелла негізінде оттегі өндіру қарастырылған.

«Promethius» жобасы да Каллисто орбитасындағы ғарыш станциясына арналған. Оның төрт сақинадан тұратын құрылымы айналу арқылы жасанды гравитация қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында ғарыштағы гравитация деңгейлері, жылуды сақтау және радиациядан қорғану мәселелері зерттелген.

Сондай-ақ команда «Paragon Station» жобасымен де байқауға қатысып, арнайы марапатқа ие болды. Бұл жоба Сатурн жүйесіндегі орбиталық станция тұжырымдамасын сипаттап, оны тұрғын, өндірістік және ғылыми хаб ретінде ұсынады.

Жалпы, Space Settlement Contest – мектеп оқушылары мен студенттерге арналған халықаралық ғылыми-инженерлік байқау. Қатысушылар ғарышта өмір сүруге арналған станциялар мен колониялардың кешенді жобаларын әзірлеп, тіршілікті қамтамасыз ету, энергия, қауіпсіздік және басқару жүйелерін қамтитын шешімдер ұсынады.

Айта кетейік, қазақстандық оқушының TabAI стартап жобасы Google грантын иеленді.