Астаналық тұрғындар Париж Олимпиадасын ашық аспан астында тамашалап жатыр

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Париж Олимпиадасының алғашқы күні. Jibek Joly телеарнасы айтулы спорт додасын тікелей эфирде көрсетуде. 

Қазір елордадағы «Abu Dhabi Plaza» ойын-сауық және сауда орталығы аумағында бір топ қауым жиналған. Астаналықтар LED экран арқылы Париж Олимпиадасын тікелей тамашалап жатыр.

«Қазақстан спортшылары қатысатын Олимпиаданың барлық түрін қараймын. Оның ішінде күрес, бокс, дзюдо және т.б. Елдос Сметовтің жартылай финалға шыққанына қуандым. Оған сәттілік тілеймін. Жұмыстан келе жатқанмын, тікелей эфирде көрсетіп жатқанын көзім шалып, тоқтай қалдым. Спортшыларымыз елге алтынмен оралсын», - деп ағынан жарылды елорда тұрғыны Асланбек Мырзабеков. 

Ашық аспан астында Олимпиада көрермендері дзюдодан әйелдер арасында Әбиба Әбужақынованың екінші белдесудегі жеңісіне куә болды. 

«Міндетті түрде біздің спортшыларға жанкүйер боламын. Жекпе-жекке аса қызығамын. Көзім нашар көреді, теледидардан анық көре алмаймын, сондықтан үлкен экраннан көрейін деп осында арнайы келдім. Спортшыларымызға сәттілік пен табандылық тілеймін», - деді астаналық ақсақал Фазыл Нуридинов. 

Еске сала кетсек, Jibek Joly арнасы елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін Париж Олимпиадасын әр жұма, сенбі және жексенбі күні (сағат 22:00–ге дейін) «Abu Dhabi Plaza» ойын-сауық және сауда орталығы аумағында LED экран арқылы тікелей трансляция жасайды. 

Бұған дейін Париж Олимпиадасының бүгінге арналған кестесін жариялаған едік. 

Айта кетейік, қазақстандық мергендер Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл – қоржынға түскен алғашқы медаль.