Астаналық жанкүйерлердің биі Джей Лоның назарына ілікті

Фото: Фото: instagram.com/jlo

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ жанкүйерлерінің Дженнифер Лопестің әйгілі саундтрегіне билеген биі жұлдыздың назарын аудартпай қоймады. Әншінің Instagram Stories желісінде қазақстандықтардың жүрегін әп-сәтте жаулап алған күтпеген видеосы жарқ ете қалды.

Биыл жазда елордада концерт беретін әнші «Бәйтерек» монументі фонында түсірілген роликті өз парақшасында жариялады.

Видеода Астананың бір топ жасы Джей Лоның хит әндерінің біріне билеп жатқанын көруге болады. Бишілер бейнежазбаға «Джей Ло, Астана сені күтеді!» — деп жазса керек. Бұл әсерлі жазбаны жұлдыздың өзі көргені сөзсіз. 

Фото: Видеодан алынған скрин

55 жасар әнші репостты #JLoLiveIn2025 хэштегімен сүйемелдеп, Қазнетте шынайы эмоциялар тудырды. Қолданушылар бірден Stories скриншоттарымен бөлісіп, Дженнифер Лопестің Қазақстандағы жанкүйерлеріне көңіл бөлгеніне қуанғандарын жасыра алмады.

«Адам сенгісіз. Джей Ло біздің Бәйтеректі де, қыздарымызды да көрді!» — деп жазады қазақ жанкүйерлері.

Еске сала кетейік, әлемдік жұлдыз Up All Night турнесі басталғанын жариялап, Қазақстанда концерт беретінін жазған болатынбыз. 

Артынша «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтқан еді. 

Америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен билеттер сатылымға шығатыны хабарланды. 

Дженнифер Лопес концертіне билет емес, ваучерлер ғана сатылады. Нағыз билет концерт күні жақындағанда электронды поштаға келіп түсетіні айтылды.

Әншінің концертіне қайталанып сатылған билеттердің құны өтелетіні хабарланды.