Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жастарды салтанатты түрде шығарып салуға қала әкімдігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, сондай-ақ шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Болашақ десантшыларды құттықтаған Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов жастарға ақ жол тіледі.
— Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында қызмет ету — әскери борышты өтеу ғана емес, бұл — үлкен жауапкершілік пен айрықша мәртебе. Мұндай элиталық бөлімшелерге тек дене даярлығы мықты, тәртіпті және ынталы жастар ғана іріктеледі. Көптеген жастар үшін бұл — ерлік мектебі, шынығу мен нағыз отаншылдықты бойға сіңіретін өмірлік сабақ, — деп атап өтті ол.
Әскер қатарында жас сарбаздар сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтарды меңгеріп, армияда да, азаматтық өмірде де қажет болатын білім мен дағдыларды игереді.
Шақырылушыларды шығарып салушылардың арасында Алтай Айбаровты қолдау үшін отбасымен бірге келген Лола Айтмағамбетова да бар.
— Екі ұлым да Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында қызмет етті. Олар бұл өмір кезеңін әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. Айбар да өзін лайықты көрсетіп, борышын адал атқарып, ер жетіп оралады деп сенемін, — деді ол.
2025 жылғы күзгі шақыру науқанының жоспарына сәйкес, ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 22 мыңнан астам жас азамат шақырылады. Олардың қатарында 1 200-ден астам елордалық жас бар.
Осыған дейін Шымкентте 35 жас сарбаз әскери борышын өтеуге аттанғанын жазғанбыз.