Астаналықтар диабетке қарсы тегін скринингтен өте алады

Астанада диабетке қарсы күрес күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қала қонақтары тегін скринингтен өтіп, өз денсаулығын тексере алады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: UMC Диагностика орталығы

14 қараша – Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні. Бұл күні инсулинді ойлап тапқан ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Фредерик Бантинг дүниеге келген.

Халықаралық диабет федерациясының (IDF) деректері бойынша әлемде шамамен 537 миллион адам қант диабетімен ауырады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 400 мыңнан астам адам қант диабеті ауруына шалдыққан. Жыл сайын елімізде орта есеппен 18-30 мың адамға осы диагноз қойылады. 

Осыған байланысты UMC Диагностика орталығы Астана тұрғындары мен қала қонақтарын диабетке қарсы тегін скринингтен өтуге шақырады. Орталықтың эндокринолог дәрігерлері келушілердің глюкозасын өлшеп, кеңес береді.

Тегін скринингтен Астана қаласы Сығанақ 46 мекенжайындағы Республикалық диагностикалық орталықта 14 қараша күні сағат 8:00-16:00 аралығында өтуге болады.