Астаналықтар олимпиада чемпиондармен бірге 10 мың қадам жүрді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Спорт апталығы басталды. Ботаникалық бақта жүздеген тұрғынның басын қосқан «10 000 қадам» акциясына Қазақстанның олимпиада чемпиондары мен белгілі спортшылары қатысты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Жиын фитнес-жаттықтырушы Айша Баймаханованың бой жазу жаттығуларымен басталды. Одан кейін тұрғындар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, жүлдегерлер Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебісбаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадамдық қашықтықты еңсерді. 

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Шараға қатысқан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін жеткізді.

— Бүгінде спорт қазақстандықтардың күнделікті тұрмыс салтына еніп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салада ауқымды реформалар жүріп жатыр. Негізгі басымдық — балалар мен бұқаралық спорт. Басты мақсат — тұратын жеріне қарамастан, әр баланың спортпен шұғылдануына қолжетімді жағдай жасап, салауатты өмір салтын жалпыхалықтық әдетке айналдыру, — деді министр.

Қазір ел халқының 44%-дан астамы, ал балалардың 34%-ы, яғни 1,8 млн бала спортпен тұрақты түрде айналысады. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу көзделген.
Шараға жиналған спорт майталмандары да тұрғындарға өз лебізін білдірді. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин бұл күннің барша жұртты біріктіретін мереке екенін айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Әр мамандықтың өзіндік төл мерекесі бар. Ал Спорт күні — тек кәсіби спортшылардың емес, салауатты өмір салтын ұстанатын барша қауымның басын қосатын қуаныш. Бүгінгі жиынның да басты мақсаты — тұрғындарды спортқа баулып, сергектік сыйлау, — деді ол.

Мұндай бұқаралық бастамалардың денсаулықты нығайтудағы пайдасын сөз еткен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Мына жерде қаншама адам ерте тұрып, денесін шынықтырып жатыр. Жастарға айтарым тек той-думан қумай, таңертең ерте тұрып, денсаулыққа уақыт бөліңіздер. Алда Азия ойындары мен әлем чемпионаттары күтіп тұр. Үлкен жарыстарда көк туымызды желбірету үшін осындай табандылық пен тыңғылықты дайындық керек, — деп түйіндеді спортшы.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Дәстүрлі Спорт күні қарсаңында ұйымдастырылған апталық аясында ел бойынша 250-ден астам бұқаралық шара өтеді. Өткен жылы Қазақстанда 147 спорт нысаны салынса, бүгінде 600 мыңнан астам бала тегін секциялар мен спорт мектептерінде шынығып жатыр.

Фото: Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін, «Болашақ ойындары — 2026» халықаралық турнирінің қорытындысын жазған едік.