Астаналықтар тыныс алу органдары ауруымен жиі ауырады

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада тыныс алу органдары ауруларының жиілігі жалпы сырқаттану құрылымында көш бастап тұр. Өткен жылы тыныс алу органдары ауыратын 450 мың адам тіркелген. Астана қаласының коммуникациялар қызметінде вейп пен шегілмейтін темекі өнімдерінің зияны мен жазалау шаралары туралы брифинг өтті.

Фото: Pexels

«Электронды темекінің көпшілігінде тәуелділік тудыратын никотин бар. Вейпингті өкпенің он шақты ауруымен байланыстыруға болады. Елордада тыныс алу органдары ауруларының жиілігі жалпы сырқаттану құрылымында бірінші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласында тыныс алу органдарының ауруларымен 450 мыңға жуық адам, оның ішінде бастапқы сырқаттанушылықпен 390 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл аурулар осы электронды темекіден де туындауы мүмкін», — деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова Астана коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-нарколог дәрігері Анар Тастамбекованың айтуынша, вейпинг шегушілердің өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да зиянды. 

«Ғалымдар электронды темекі шегетін адамның жанында 30 минут болған адамның жасушаларында тотығу стрессі жоғарылайтынын анықтады. Бұл денеде бос радикалдар мен антиоксиданттар арасында дисбаланс болған кезде пайда болады. Уақыт өте келе мұндай дисбаланс жүрек-қан тамырлары, өкпе және неврологиялық аурулардың, сондай-ақ онкологияның дамуында маңызды рөл атқаруы мүмкін», — дейді дәрігер. 

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес темекі шекпейтін және еліктейтін темекі өнімдерін әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. 

Рұқсат етілмеген жерлерде темекі өнімдерін сату немесе тарату фактілері анықталса, полиция қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 196-бабы бойынша әкімшілік іс қозғайды.

Жыл басынан бері 70-ке жуық әкімшілік хаттама толтырылған. 

«Белгіленбеген орындарда имитациялық темекі өнімдерін сату немесе тарату фактілері анықталған кезде темекі өнімдерін сату фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалады. Онда қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды кальянға, кальян қоспасына, темекіні қыздыруға арналған жүйелерге, электрондық тұтыну жүйелері мен олардың сұйықтықтарын сату фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалады. Бұл әрекет жеке тұлғаларға — 30 АЕК дейін, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша 7 әкімшілік хаттама толтырылды», — деді Э. Данияров.