Астаналықтар жылу тарифін үстеме бағамен төлеп келген
АСТАНА. KAZINFORM – Астана тұрғындары жылу ақысын белгіленген межеден жоғары бағамен төлеп келген. Бұл туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мәлім етті.
— Табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті орган елордалық экономикалық сотқа жылу энергиясы бойынша тарифті төмендетуге мәжбүрлеу туралы талап қоюмен жүгінді. Сот жауапкердің жылу энергиясын жеткізу жөніндегі табиғи монополиялардың субъектісі болып табылатынын анықтады. Аудиторлық тексеру арқылы көрсетілетін қызметтер көлемін ұлғайту есебінен тариф бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Тарифтерді қалыптастыру қағидаларында қызметтер көлемі ұлғайған жағдайда, реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифті төмендету көзделген. Алайда, АҚ тарифтерді төмендетпеген, бұл артық пайда алуға және тұтынушылардың жоғары тариф бойынша артық төлеуіне әкеп соқты, — делінген сот хабарламасында.
Мәлім болғандай, алынған пайда реттелетін қызметті дамытуға және тиімді жұмыс істеуге бағытталуы керек, бұл бекітілген тарифтік сметаға сәйкес келеді.
— Жауапкер қызметтер көлемін ұлғайту нәтижесінде алынған табысты заңнамада көзделген мақсаттарға бағытталмаған және тарифті төмендетуді жүргізбеген. Сондықтан сот монополистке қатысты талап қоюды қанағаттандырды, жауапкерге тарифті төмендету міндеттемесі жүктелді, ал оның пайдасы жылу желілерін дамытуға бағытталуы керек, — деп хабарлады Астана сотынан.
Шешім заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда жылу мен ыстық су бағасы неліктен өскенін жазған едік.