Астаналықтарға жақсы мүмкіндік: 5 пайыздық ипотекамен 562 пәтер беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 7 қазан күні тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында несиеге берілетін тұрғын үй бойынша өтініш қабылдау басталады. Бұл туралы қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

Коллаж: Kazinform

Тұрғын үй А91 көшесіндегі 36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлерінде орналасқан. Нысандардың коды — 10336, 10338, 10339 және 10340.

Өтініштер 7-19 қазан аралығында Baspana Market сайтындағы жеке кабинет арқылы қабылданады. Кандидаттарды іріктеу 21 қазанға жоспарланған.

Жалпы 562 пәтер ұсынылады. Оның ішінде:

  • 1 бөлмелі — 166 пәтер;
  •  2 бөлмелі — 276 пәтер;
  • 3 бөлмелі — 80 пәтер;
  • 4 бөлмелі — 40 пәтер.

Тұрғын үйлер бес қабатты, лифт қарастырылмаған. Пәтерлер таза әрленген күйде беріледі.
Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны — 332 916 теңге.

Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме — 5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 5,2%-дан 5,8%-ға дейін. Бастапқы жарна мөлшері 10%-дан басталады.

Еске салайық, мұның алдында елімізде 2 пайыздық ипотекаға кімдер өтініш бере алатыны жөнінде жазған едік.