Астаналық 26 мектеп түлегі қала әкімінің білім грантына ие болды

АНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, үстіміздегі жылы мектеп бітірген 26 түлек Астана қаласы әкімінің әлеуметтік білім гранттарына ие болды.

Гранттарды елорда басшысының орынбасары Әмірхан Рақымжанов табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ә.Рақымжановтың атап көрсеткеніндей, Астана қаласы әкімінің білім гранттары 2004 жылдан бастап, әлеуметтік көмекке аса зәру - тұл жетімдерге, туа біткен мүгедектерге, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, көп балалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріліп келеді. Бүгінде аталмыш грант бойынша, биылғы жылғы 26 грант иегерін қоса есептегенде, барлығы 99 студент білім алып жатыр. Олардың оқуына ағымдағы жылы қала бюджетінен 23,8 миллион теңге бөлінді.

 Әкімнің гранттары елорданың еңбек нарығына барынша қажетті - техникалық, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне, «Астана медициналық университеті» АҚ-на және Еуразия гуманитарлық институтына бағытталды.