Астаналық ақын-жазушылар дарынды балалармен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, балалар шығармашылығына қалам тербеп жүрген жазушы Толымбек Әбдірайым мен ақын Нұрлан Қалқа Астанадағы Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің оқушыларымен кездесті.

Мектеп кітапханашысы Шырын Әбдіхалықованың ұйымдастыруымен «Тәлім, тәрбие - кітап» атты тақырыппен өткен ғылыми конференцияда кітаптың бала тәрбиесіндегі маңызы жан-жақты айтылды. Оқушылар кітап туралы қызықты деректер келтіріп, атақты ғалымдардың өмірінен мағлұматтар айтып, өлең оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Кездесу барысында оқушылар жазушы Толымбек Әбдірайымның шығармашылығына шолу жасап, «Басқа пәле - тілден» атты әңгімесін өзара талқылады. Пікір алмасу кезінде жазушыға сұрақтар қойылып, көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды. Балалар ақыны Нұрлан Қалқаның шығармашылығын қысқаша шолып өткен соң, оқушылардың сұрауы бойынша ақын өз өлеңін оқып, сауалдарға жауап берді. Кездесу соңында Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің директоры Әлия Сексенова мектеп оқушылары арасында өткізілген «Менің сүйікті кітабым» атты байқаудың жеңімпаздары Жібек Мұқышева, Назерке Болатқызы, Аружан Ашықбаева, т.б. оқушыларға дипломдар тапсырды.