Астаналық автобус жүргізушілерінің жалақысы қызмет көрсету сапасына қарай төленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін Астананың көлік кешенін дамыту мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдаулар барысында қала әкімі Әсет Исекешев автобус жүргізушілерінің жалақыларын реттеп алуды тапсырды. Себебі осы санаттағы мамандардың тапшылығы байқалады. Бүгінде елордаға бір жарым мың автобус жүргізушісі керек. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген жолаушылар көлігі басқармасының міндетін атқарушы Бекмырза Игенбердинов жалақы мәселесінің қалайша реттелетіні жайында айтып берді.

«Негізі, бүгінде әрбір автопарктің жалақысы әрқилы. Алдағы уақытта автобустардың қызмет көрсету сапасына қарай жалақының мөлшерін белгілеу көзделіп отыр. Осыған орай, біз автопарктерге жалақы төлеудің жаңа жүйесін ұсынатын боламыз. Онда қызмет көрсету сапасына қарай автобус жүргізушінің жалақысының төлеу қарастырылған. Қазіргі кезде бізбәрін санап жатырмыз. Шамамен, ақпан-наурыз айларында дайындап қоямыз», - дейді Егенбердиев.

Оның айтуынша, бүгінде астаналық автобус жүргізушілерінің жалақысы 100-300 мыңның айналасында. «Бүгінде біз бәріне бірдей жалақыны енгізуді көздейміз. Бірақ қызмет көрсету сапасына қарай біреу көп, біреу аз алады. Дегенмен, жалақының төменгі деңгейі 200-250 болады деген жоспар бар», - деп атап көрсетті Игенбердинов.

Айта кетейік, қала басшысы Әсет Исекешев автобус қозғалысын таңғы сағат 6-ға дейін ұзартуды көздейді. Ол үшін алдымен көлік жүргізушілерінің тапшылығы мәселесін шешіп алу қажет.