Астаналық балалар Олимпиада чемпионы А. Винокуровты келе жатқан туған күнімен құттықтады

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Рауан» денсаулық сақтау жастар орталығында велошабандоз Александр Винокуров болды.

Естеріңізде болса, осыдан бір күні бұрын бұл мекемеге екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин бас сұққан еді.

Жастарды қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген шара барысында А.Винокуров жеткіншектермен емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, оларды толғандырған сауалдарға тұщымды жауап берді. Сонымен қатар балаларға  естелік ретінде қолтаңбасын қалдырды.

Өз кезегінде жеткіншектер Олимпиада чемпионын ертеңгі туған күнімен шын жүректен құттықтап, тарту ретінде әсем әуеннің ырғағында би билеп берді.

№4 емхана базасында жұмыс істейтін бұл орталық балалар мен жеткіншектерге тегін медициналық-психологиялық көмек көрсетеді.