Астаналық бүлдіршіндерге мемлекеттік тілдегі кітаптар мен дискілер тарту етілді

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астана қаласындағы «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мен «Балақай» балабақшасының тәрбиеленушілеріне кітаптар сыйға тартты, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

«Қазақстан - 2050» стратегиясында Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының бірнеше басым бағыттары айқындалған. Соның бірі - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі ретіндегі жаңа қазақстандық потриотизмді қалыптастыру болып табылады. Конституция Күні қарсаңында қор Стратегияны жүзеге асыру мақсатында «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы » мен «Балақай» балабақшасында кездесулер өткізді.

"Бұл шараның мақсаты - балалардың арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыру, оларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, көп ұлтты Отанымызға деген мақтаныш қалыптастыру, қазақ әдеби тілін үйренуге баулу және өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыру", - делінген хабарламада.

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда осындай тәрбиелік шаралардың маңызы зор. Кездесу кезінде қор «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы » мен «Балақай» балабақшасының тәрбиеленушілеріне мемлекеттік тілдегі 120 кітап пен дискілерді сыйға тартты. Бұл - әлем ертегілері, оқушыларға және мектепке дейінгі балаларға арналған энциклопедиялар, танымдық балалар әдебиеті, аудио-дискілердегі ертегілер және әлем классиктерінің әдебиеттері.