Бүгін бұл оқиғаға апталық брифинг барысында Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Арман Оразалинов түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қылмыскер 1978 жылы туған Астана қаласында тұратын, еш жерде жұмыс істемейтін еуропа нәсілді азамат болып шықты. Ол өз кінәсін толық мойнына алып отыр.
Өткен айда «Цеснабанк» АҚ-ның астаналық филиалына жер астынан қазылған жол арқылы тонау әрекеті жасалған болатын. Хабарланғанындай, қаскүнем банк ғимаратының маңында орналасқан тұрғын үйлерге тиесілі гараждардың бірінің астынан банкқа алып баратын жер асты жолын қазған. Қылмыскер банкты тонау ісіне алдын ала дайындалғанға ұқсайды. Өйткені, қазылған жолдың ұзындығы 75 метр, ал оның биіктігі адам бойымен бірдей.
Ұсталған азаматтың айтуынша, банк тонау туралы ой кабельдік телеарналардың бірінде Бразилияда жерасты жолдарын қазу арқылы қылмыскерлер банктен 80 млн. долларды ұрлағаны туралы деректі фильмді көргеннен кейін келген.
«Банкті осындай жолмен тонау әрекеті Қазақстанда бұрын-соңды болмаған оқиға», дейді Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары А. Оразалинов.
Оның атап көрсеткеніндей, ұсталған күдікті 2008 жылы мамыр-шілде айларында аталмыш банкте депозитарийді жалға алу туралы келісімшартқа отырған. Депозитарий жер асты жолының бағытын анықтауға және арнайы лазер құрылғысын пайдалана отырып, соңғы нүктені белгілеу үшін жалға алынған.
Топырақ шығаратын рельстер мен арнайы металл құрылғыларын сайлап алған. Сондай-ақ тоннельге электр жарығы тартылған. Ол қазу жұмысын өткен жылғы тамыздың 8-інен бастап, топырақты қаптарға салып, өзінің «Ниссан Санни» автомашинасымен қаланың қоқыс контейнерлеріне апарып төккен.
Алдын ала есептеу бойынша, 15 айдың ішінде күдікті 118 текше метр, яғни 200 000 тоннаға жуық топырақты, шамамен 4 мың қапқа салып шығарған. Банктың дабыл қағу жүйесі банк ғимаратына ену сәтінде қағылғандықтан, қылмыскерлердің «ғасыр тонауын» жасау әрекеті іске аспады.Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тонау әрекетін егжей-тегжейлі тексеріп, қалған қылмыскерлерді іздестіру үстінде.
Оның жасаған қылмысы дәлелденсе, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.