Астаналық «Цеснабанкті» жер астынан қазылған жол арқылы тонамақ болған тағы бір қылмыскер құрықталды

None
АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Астаналық «Цеснабанкті» жер астынан қазылған жол арқылы тонамақ болған қылмыскерлердің тағы бірі құрықталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораздың айтуынша, 1984 жылы дүниеге келген елорда тұрғыны қазіргі күні өз кінәсін толығымен мойындаған. Ол жер асты жолдарын қазу кезінде күніне 20-30 қап топырақты тысқа тасымалдағанын және жарықтандыру құрылғыларын орнатуға көмектескенін айтқан.

«Қазіргі уақытта оның қандай қылмыстық әрекеттерге барғандығы тергелу үстінде. Егер бұл азаматтың жасаған қылмысы дәлелденсе, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі», деді ол.

Айта кетейік, осыдан біраз бұрын «Цеснабанк» АҚ-ның астаналық филиалына жер астынан қазылған жол арқылы тонауға әрекет жасалған болатын. Ұрылар банк ғимаратының маңында орналасқан тұрғын үйлерге тиесілі гараждардың бірінің астынан банкке алып баратын жер асты жолын қазған. Қазылған жолдың ұзындығы 75 метр, ал оның биіктігі адам бойымен бірдей. Алдын ала есептеу бойынша, 15 айдың ішінде күдіктілер 118 текше метр, яғни 200 000 тоннаға жуық топырақты, шамамен 4 мың қапқа салып шығарған.