Астаналық Данияр Елеусінов бірінші раундта шотландтықты нокдаунға жіберді - Бакудегі бокстан әлем чемпионаты

ТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - 30 қыркүйекте шаршы алаңға 64 келі салмақтағы боксшылар шықты. Қазақстаннан бұл салмақ санатында әлемдік біріншілікке алғаш рет қатысып отырған талантты спортшы Данияр Елеусінов бақ сынады.

Жеребе тастау оны өткен жылғы Делиде өткен Достастық ойындарының финалшысы шотландтық Джрш Тэйлормен кездестірді.

Қарсыласы ұрысты белсенді бастады. Дегенмен бірінші раундының өзінде Данияр оны нокдаунға жіберіп, 3:2 есебімен алға шықты. Тэйлор екінші раундта да белсенді қимылдады. Алайда оның бір соққысы ғана көздеген жерге тиді. Екінші раунд та 7:2 есебімен Даниярдың пайдасына шешілді. Соңғы үш минутта Данияр өзінің басымдығын байқап, ойын тағдырын өз қолына алды. Жекпе-жек қорытындысы 11:5.

Данияр чемпионаттың кезекті айналымында жапондық спортшы, 2007 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Маатсугу Кавачимен қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жек 2 қазанда өтеді.

Ал бүгін шаршы алаңға Ғани Жайлауов пен Шот Накаяма (Жапония) және Данабек Сужанов пен Ян Ю Тинг (Қытайдың Тайпейі) шығады.