Астаналық дәрігерлер Сандықтау ауданында қабылдау өткізді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шеңберінде Астанадағы Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының мамандары Ақмола облысының Сандықтау ауданында болып, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Делегация құрамында ЛОР, уролог, онколог, хирург, қан тамыры хирургі, гинеколог, невропатолог, УЗИ дәрігері сияқты мамандар бар. Білікті мамандар Балкашино ауылындағы аудандық аурханада 200-ге жуық науқасты қабылдады. Сондай-ақ, невропатолог Олег Тян ҰОС ардагерлерінің үйіне барып консультативті көмек көрсетті.

Сапар соңында аудан әкімі Асылбек Исмағамбетовтың  қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, онда астаналық дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Осы ретте, аудан басшылығы  астаналық мамандарға алғысын білдіре келе, алдағы уақытта жиі келіп тұруын өтінді.