Астаналық кәсіпкерлер киім-кешектерді тегін таратуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Қайырымдылық. Доброта» атауымен ешқандай баға қойылмаған киім бөлімі ашылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Әлеуметтік жобаны «Астана Қамқор» ЖШС директоры Тимур Оразақов бастап отыр. Ол аз қамтылған отбасы балалары үшін тегін киім тарататын бутик ашты.

Қайырымдылық акциясы жөніндегі идеяны әлеуметтік желілер арқылы басқалардың тағдырына бей-жай қарамайтын қала тұрғындары қолдаған. Кез келген адам арнайы дүңгіршекке киім, аяқ киім, ойыншықтар, кітаптар әкеле алады. Ұйымдастырушылар тарапынан қойылатын бір талап - барлық киімдер таза және үтіктелген болуы керек.

«Жоба жыл басында жүзеге асырыла бастады, бірақ қазір өз киімдерімен, заттарымен бөліскісі келетіндер көп. Күн сайын киімге мұқтаж жандар келеді. Қыстың күні өрттен зардап шеккен адамдар да келді», - дейді «Көктал» автобөлшектер базарының меңгерушісі Ерекболат Қабылда.

Жоба ұйымдастырушылары әлеуметтік жобаны кәсіпкерлер қолдап, осындай орындарды елорда дүкендері мен базарларында ашады деп сенеді.

Астананың барлық тұрғыны сапасы жоғалмаған заттарын «Қайырымдылық. Доброта» дүңгіршегіне тек демалыстан басқа кез келген күні, Көктал көшесі 18, мекенжайы бойынша орналасқан «Көктал» автобөлшектер әмбебап базарындағы ТҚО ғимаратының екінші қабатына әкеліп, бөлісе алады.