Астаналық ҚазАТУ чемпиондарды салтанатты түрде қарсы алды

None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Иорданияда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, боксшы Данияр Елеусінов пен Қазан Универсиадасының күміс жүлдегері, балуан Эскархан Оскановты салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті.

Айта кеткен жөн, Д.Елеусінов Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатының алтын алқасын ұтып алды. Ал Э.Осканов Татарстанның Қазан қаласында өтіп жатқан XXVII Жазғы универсиаданың белбеу күресі сайысында күміс медальды олжалаған болатын. Спортшының екеуі де биыл Қазақ агротехникалық университетін аяқтап отыр. Д.Елеусінов университеттің экономикалық факультетін тәмамдаса, Э.Осканов техникалық факультеттің түлегі. Иорданияда өткен Азия чемпионатының тағы бір алтын алқа иегері Мерей Ақшалов та - осы жоғары оқу орнының түлегі.

«Қазақта «баласы атқа шапса, атасы үйде отырып тақымын қысады» деген сөз бар. Сол сияқты біздің балаларымыз дүбірлі додаға түскенде, біз де жай отыра алмадық. Іштей бокстасып күрестік, жеңіс тіледік. Сондықтан бұл барша университет ұжымының жеңісі деп білеміз. Негізі, бүгінде Қазақ агротехникалық университеті ғылым мен білімнің орталығы болып саналады. Ал бүгінгі жетістіктер біздің үлкен спорттық әлеуеті бар жоғары оқу орнына айналғанымыздың дәлелі бола алады», - дейді университет ректоры А.Күрішбаев.

Салтанатты шара барысында екі спортшыға заттай және ақшалай сыйлықтар табысталды.