Астананың Есіл аудандық сотына марқұмның әпкесі інісінің өмірі мен денсаулығына келтірілген моральдық зиян үшін жұмыс берушінің үстінен талап арыз түсіреді.
2017 жылғы 17 шілдеде ер адам тұрғын үй кешенінің бағандарын монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқанда сегізінші қабаттан құлап кетіп, алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.
«Марқұмның ЖШС-мен еңбек шарты жасалған және оқыс оқиға туралы актте жұмыс берушінің кінәсінен еңбек қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген деп көрсетілген», - деп атап өтті сотта.
Тексеру барысында жұмыс берушінің жұмыс периметрі бойынша биіктікте уақытша қорғаныш қоршауларын орнатпағандығы, сондай-ақ биікте қауіпсіз жұмыс істеу әдістері бойынша оқудан өтпеген адамды монтаждау жұмыстарын орындауына жол бергені анықталды.
Сот талапкердің пайдасына ЖШС-дан 500 000 теңге көлемінде моральдық залал өндіріп берді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.