Кеше, елордадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда қаладағы барлық орта білім ұйымдарында тарих пәнін оқытатын мұғалімдердің, Астана қалалық білім департаменті, мәслихат депутаттары мен «Нұр Отан» ХДП өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі» тақырыбында конференция өтті.
Конференцияның басты спикерлері аталмыш мектеп-гимназияның 11-сынып оқушылары болды. Шақырылған қонақтар тыңдаушылар ретінде қатысты.
Үш бөлімнен құралған іс-шараның алғашқысында оқушыларЕуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы туралы жалпы мағлұматтар берді. Одан кейін Қазақстан мен ЕҚЫҰ; Қазақстанның әлемдік аренадағы орны тақырыптарын көтерді.
Жастардың бірі Қазақстанның ұйымға төрағалық етуінің себебін: «Қазақстан дамыған, өркениетті, демократиялық, құқықтық мемлекет, ол азаматтық қоғам болу үшін алдына жаңа мақсаттар қойып, міндеттер қабылдайды және оны жүзеге асыруға ұмтылады», дегенді айтса, бірі: «Төрағалық арқылы Қазақстан әлеуметтік, саяси дамудың жаңа сатысына көтеріледі, Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынастың жаңа сапалық сатысына көшеді, Дүниежүзілік қоғамдастықтың Қазақстанды тану деңгейі тереңдей түседі, достарымыз көбейіп, елдің халықаралық беделі арта түседі», деген пікірлерін білдірді.
Оқушылар алдағы желтоқсан айының алғашқы күндері Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ саммиті мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммиті Ұйым тарихында барлығы 6 рет өткізілді. Олардың пайымдауынша, Қазақстанда өтетін кезекті 7-нші басқосудың басты тақырыптары - ғаламды шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарыстан шығу жолдары және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері болады.
Іс-шара барысында сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ұйымға төрағалық ету тақырыбына қатысты сөйлеген сөздерінен бейнероликтер көрсетіліп, мектептің халық аспаптар оркестрі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы - балалар хоры мен бишілер тобы өнер көрсетті.
Мектеп-гимназия басшылығы атап өткендей, Қазақстанның беделді Ұйымға төрағалығы тақырыбына қатысты білім ошағында бұған дейін бірнеше іс-шаралар, тәрбие сағаттары өткізілді.ОқушылардыЕлбасыныңқабылдаған заңдарымен таныстыра отырып, оларды ұлтжандылыққа, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге тәрбиелеу мақсатында 5-11-інші сыныптар арасында ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында саяхат ұйымдастырылды. Сонымен бірге, мектепішілік мәнерлеп оқу сайысы, «Салауатты өмір салтын сақтаймыз, ел үмітін ақтаймыз» ұранымен әскери-спорттық сайыстар, суреттер байқауы, патриоттық әндер байқауы өткізілді.