Іс-шараның негізгі мақсаты - жасөсіпірімдердің патриоттық рухын ұштап, отансүйгіштікке баулу. Осыған орай мектеп оқушылары сарбаздардың казармасын аралап, әскери техника мен қару-жарақпен жан-жақты танысып шықты. Сондай-ақ жасөспірімдер Зингер атты иттің әскери дайындығын тамашалады. Зингер қару-жарақ пен жарылғыш заттарды иіскей жүріп, емін-еркін таба алады.
«Қазіргі кезде әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша арнайы жоспар бар. Оған сәйкес, бүгін біз №34 орта мектептің оқушыларын шақырып, әскери қызметтің қыр-сырын көрсетіп отырмыз. Жалпы, Әскери полицияның Ақмола өңірлік гарнизоны Астана қаласындағы №26 және №34 орта мектеп оқушыларына әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып келеді», - дейді Әскери полицияның Ақмола өңірлік гарнизонының идеологиялық жұмыс жөніндегі маманы, лейтенант Бауыржан Әміров.