Астаналық оқушылар қандай үйірмелерге барып жүр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева қосымша білім берудегі жаңа жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, балаларға қосымша білім беру бағдарламасы білім мекемелерінде және мектептен тыс ұйымдарда да жүзеге асырылады.

«Қазіргі уақытта қалада 2 оқушылар сарайы, 3 балалар музыка мектебі, 2 өнер мектебі, 1 балалар көркемсурет мектебі, 1 техникалық шығармашылық орталығы, «Өркен» балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 152 546 бала қосымша білім берумен қамтылған, бұл - жалпы бала санының 76,8 пайызы», - деді М. Қайырбаева Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 24 мыңнан астам бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 565 бала үйірмелер мен секцияларға жеңілдікпен және тегін барады.

Мектептен тыс ұйымдарда және жалпы мектептерде спорт секцияларымен қамтылған білім алушылар үлесі – 44,5%.

Осы мақсатта білім беру ұйымдарында 910 спорт секциясы жұмыс істейді, 92 мектепте ашық ауада көпфункционалды спорт алаңдары (жүгіру жолдары, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары), 8 мектепте – стационарлық хоккей корттары және 10 теннис корты бар.

Елорданың 40 мектебінде 3,8 мың бала ұлттық спорт түрлерімен, 5,3 мың – бала ұлттық өнермен айналысады.

Сондай-ақ, оқушылар театрларға тегін барады. Жыл соңына дейін 50 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.

Жалпы білім беретін мектептерде ұлттық спорт түрлері (тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату), ұлттық өнер (ұлттық аспаптар, домбыра және дәстүрлі ән, қазақ биі, қазақ әні) бойынша ALTYN URPAQ жобасы іске асырылуда.

Бұл жоба елорданың 40 мектебінде 10 000-нан астам баланы қамтыған.

«Оқу жылының тағы бір жаңалығы – әр мектепте домбыра сыныптарын ашу, оқушылар арасынан домбыра оркестрлерін құру болды. Қазір 64 домбыра үйірмесі жұмыс істейді, 1656 бала 44 үйірмеде, ақылы негізде 702 оқушы қатысады», - дейді Маржан Қайырбаева.

Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп, қала мектептерінде 53 шахмат үйірмесі ашылған, оған 1,4 мың оқушы барып жүр.

М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайында құрамында 127 ұйым (94 мектеп пен 33 колледж) және 69 мың қатысушысы бар «Мектеп және студенттік парламент» жедел штабы жұмыс істейді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру мақсатында оқушылар сарайында AIALA әлеуметтік жобасы ашылған.

Онда 200-ден астам бала робототехника, вокал, бейнелеу өнері, каратэ, математика, жүзу, ерте музыкалық даму, домбыра, театр үйірмелеріне барады.

«Алдағы уақытта қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту жұмысы жалғасады. Осыған байланысты білім басқармасының 2029 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. 2029 жылға дейін 20 040 орындық қосымша білімге мемлекеттік тапсырыс беру жоспарланған», - деді спикер.