Астаналық оқушылар пайдалы тамақтану ережесін оқып-үйренеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы оқу жылында Астананың 10 оқу мекемесі «Пайдалы тамақтану мектебі» бірегей бағдарламасына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Педагогтар, диетологтар мен білім министрлігі және Қазақ тағамтану академиясының сарапшылары пайдалы тамақтанудың қарапайым дағдысын бала кезден сіңіру керек деп есептейді. Жобаның басты мақсаты -  өз денсаулығына қамқорлықпен қарап, пайдалы тамақтануды тек балалар ғана емес, олардың ата-анасына да үйрету. «Пайдалы тамақтану мектебі» балаларды  дұрыс тамақтану режимін қалыптастыруға, азық-түліктердің биологиялық және тағамдық құндылығын білуге үйретеді. Осы алған білімінің арқасында балалардың өмір сүру сапасы арта түседі. Себебі, сарапшылардың айтуынша, өскелең ұрпақтың көптеген аурулары осы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан туындап жатыр.   

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, аурудың 80% белгілі бір деңгейде тамақтануға байланысты, ал сырқаттың 40% - дұрыс тамақтанбаудың тікелей салдары. Ал оны танымдық әрі қызықты ете түсу үшін біз арнайы оқу-әдістемелік құралды дайындадық», - дейді оқу құралының авторы, педагогика ғылымының докторы Өрік Иманғожина. 

Оқу құралын жазуға тәжірибелі педагогтар, диетологтар, Қазақ тағамтану академиясы мен Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты. 

«Бұл бірегей дәптер, бұдан басқа мұндай оқу құралы жоқ. Ол оқушылардың пайдалы тамақтану ережелерін оңай меңгеруіне көмектесетін ойын тапсырмаларының жүйесі түрінде берілген. Балалар негізгі құнарлы заттар, пайдалы өнімдер мен тағамдар, тамақ рационын жасау негіздері, гигиена ережелері туралы ақпаратты жеңіл, ерікті түрде алады, дастарқан жаюды және әдеп сақтауды үйренеді», - дейді кітаптың авторы. 

Бағдарлама сыныптан тыс сабақтар, тәрбие сағаттары, мектептегі басқа да іс-шаралар арқылы енгізіледі. Қайырымдылық жобасы 2014 жылдан бастап Астананың 20 мектебіне енгізілді, осы жылы оған тағы да 10 білім мекемесі қосылды.