Аталған зертхана ашылғалы бері мектеп оқушылары ұялы қосымшаларды жасаудың қыр-сыры меңгеріп, өз жобаларын да іске асырып үлгерді. Қазіргі кезде олардың жасап шығарған ойындарын Google PlayMarket-тен табуға болады. Соның барлығын тегін жүктеп алуға мүмкіндік бар.
«Ашығын айту керек, балаларды компьютерлер мен смартфондардан толығымен алшақтау мүмкін емес. Сол себепті балаға ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін бірден көрсетіп, ермек етіп жүрген нәрсені пайдалы іске айналдырған жөн. Болашақта балаға да жеңіл болады. Мәселен, қазірдің өзінде көптеген мамандықтарды автоматтандырылған жүйлер алмастырып жатыр. Бала осыны ерте білсе, өмірде өз жолын да дұрыс таңдай алады», - дейді «ИНВЕНТОР» академиясының өкілі Ойрат Азбергенов.
Мектеп оқушылары бас кезінде компьютерлік технологияларға арналған үйірмеге көп мән бермеді. Алайда артынан осы салаға қатты қызығып кетті. «Біз мобильді ойындарды еш қиындықсыз жасауға болатынын түсіндік. Бір тоқсанның ішінде өзіміз ондай ойындарды жасап шығардық», - дейді Әйгерім есімді оқушы.
Жоба авторлары алдағы уақытта Астананың барлық мектептерінде осы іспетті зертханаларды ашуды жоспарлап отыр. «Қазіргі кезде информатика пәніне көп көңіл бөлінбейді. 34-ақ академиялық сағат беріледі. Бұл дегеніміз, аптасына бір ғана сабақ өтеді. Соның ішінде бағдарламалау тек бір тоқсан ғана оқытылады. Ол өте аз», - дейді «ИНВЕНТОР» академиясының директоры Жәнібек Қыдырәлиев.