Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында қалалық Ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Б.Есенбайдың айтуынша, қылмыскерлер үстіміздегі тамыз айының 5-і күні түнде қолға түскен. Есілдің сол жағалауында орналасқан нысандардың электрлі жерасты желілерін ұрлап келген қылмыстық топ бұл жолы, алдын-ала келіп түскен ақпарат бойынша, «Есіл» аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған құрыққа түсіп, қылмыс үстінде құрықталды.
Қолға түскен алты азамат Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарынан келген, еш жерде жұмыс істемейді. Бүгінде олар жасаған қылмыстарын мойындарына алды, тергеу амалдары мен олардың бұған дейін сотты болғандығы жөнінде тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталмыш қылмысқа қатысы бар деген болжаммен тағы 4 күдікті тексерілу үстінде.
ҚР Қылмыстық кодексінің 175-ші бабы (ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басқарма бастығы қылмыс дәлелденген жағдайда ұрылар 8 жылдан кем емес уақытқа бас бостандықтарынан айырылатынын айтты.