Астаналық полицейлер қалада шыршалардың заңсыз сатылуын бақылауды күшейтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында елордалық полицейлер қылқан жапырақты ағаштардың сатылуына бақылауды күшейтеді, деп хабарлады Ішкі істер департаментінен.

«Шырша-2014» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері орманды қорғау органдарымен бірлесе отырып Астананың айналасындағы жасыл белдеуде қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, сонымен қатар оларды базарларда және басқа жерлерде бөлшек саудаға шығару жағдайларының жолын кеспек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. Табиғатты қорғау, жол-патруль полициялары қызметкерлерінен және учаскелік полиция инспекторларынан құралған мобильді топтар тәулік бойғы режимде рейд шараларын өткізеді. Сонымен қатар «Аралық» жүйесінің бекеттерінде және жолдарда жол-патрульдік полиция нарядтары жас қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдау мен өткізудің заңдылығын бақылауды күшейтті. Рұқсат құжаттарынсыз шыршаларды тасымалдау немесе өткізу фактілері бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мұнымен қоса, полицейлер елордада орнатылған шыршаларды күзетеді. «Шырша-2014» жедел алдын алу шарасы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.