Астаналық полицейлер Қазақстан халқы тілдерінің XIII фестивалі аясында өлең-жырлар оқып, ән мен күйден шашу шашты

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы тілдерінің XIII фестивалі аясында Астана қаласы Алматы ауданының Ішкі істер басқармасында (ІІБ) «Тілге құрмет-елге құрмет» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Қалалық ІІД-нің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі таратқан ақпаратқа сүйенсек, кешке Алматы аудандық ІІБ-ның басшылығы мен жеке құрамы белсене қатысып, мемлекеттік тіл - қазақ тілін дамытуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Полиция қызметкерлері елордамыз Астана қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймайтынын, сонымен қатар қолдарына қазақтың қасиетті қара домбырасын ұстап, ән салып, күй тартумен шұғылданатындарын да көрсетіп бақты.

Кадр бөлімінің инспекторы полиция аға лейтенанты Е.Айтпаев, мемлекеттік тілді дамыту тобының инспекторы Ә.Жанпейісова, қазақ тілінің оқытушылары Қ.Мұқанов, Б.Шәбікеновалар «Тіл құдыреті» атты сахналық көрініс көрсетіп, көрермендердің көңілінен шыға білді. Бұған қоса тәртіп сақшылары туған жер, Отан, тіл туралы өлең-жырларын тарту етті.