Астаналық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің жаңа әдісін енгізді
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтау және оның жолын кесу полицейлердің басты назарында. Ол үшін бақылаудың жаңа әдістері қолданылады. Атап айтқанда, есепке алынған және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуге бейім адамдар қашықтан бейне қоңырау арқылы тексеріледі. Яғни учаскелік инспектор мұндай адамдарды өз бақылауына алады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, елордалық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын анықтаудың жаңа әдісін ойлап тауыпты.
«Полицияға тікелей жүгінуге мүмкіндігі жоқ зорлық-зомбылық құрбандарын анықтау үшін арнайы алгоритмі әзірленді. Әрекет тәртіп сақшыларының дәріханалар мен үй жанындағы азық-түлік дүкендерінің сатушыларымен жедел өзара іс-қимыл амалы арқылы іске асады. Өйткені, дәріхана қызметкерлері мен дүкен сатушылары зорлық-зомбылық фактілердің куәгеріне жиі айналып отыр», - деп хабарлайды департаменттен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл елордада отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 мыңнан астам шағым түскен.