Астаналық пульмонологтар мен аллергологтар тегін кеңестер берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін №1 қалалық ауруханада Дүниежүзілік бронхиалды астмамен күрес күніне орайластырылған ашық есік күні өтті, деп хабарлады astana.gov.kz.

Пульмонологтар мен аллергологтар пациенттер мен тәуекел топқа жататын немесе бронхиалды астмаға шалдықтым деп ойлайтын адамдарға тегін кеңестер берді.

Осы сияқты шара үш жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын демікпемен ауыратын қала тұрғындары дәрігерлерден ауру мен оны емдеу жолдары туралы қажетті ақпарат алады.

«Бұл шара арқылы халықтың барлық топтарын қамтуға тырысамыз, біздің басты міндетіміз - аурудың алдын алу. Кейбір пациенттерде бронхиалды астма емес, аллергиялық ауру немесе демікпеге ауысатын астма кездеседі. Сондықтан профилактика жүргізу керек. Мұнымен қоса, шара барысында науқастарға аталған ауруға шалдыққанда өзін-өзі қалай ұстану керегі туралы ақпарат беріледі. Негізінен, дәрігерге уақытылы жүгініп, барлық кеңестерді сақтаған жағдайда, астманы реттеуге болады», - деді Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құрманбаева.

Бүгін 80 жуық адам консультациялар мен жолдамалар алды, дәрігерлер көбінің емін түзетті.

«Мұндай іс-шараларды өткізу маңызды, өйткені, пациенттердің бәрі бірдей пульмонологқа бара бермейді. Тар шеңберлі мамандар барлық емханаларда бар деп айта алмаймын, әсіресе, пульмонология - бұл тапшы мамандық, Қазақстан бойынша мұндай дәрігерлердің саны 100-ден аспайды», - деді «Астана» медицина университеті пульмонология кафедрасының көмекшісі Әсия Тоқсарина.

Дәрігерлер бронхиалды астманың қазіргі заманғы диагностикалау және емдеу әдістері жайлы айтып берді, адамдарды дене шынықтырумен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға және дұрыс тамақтануға шақырды.