Сәуірдің 27-інен бастап 3 мамырға дейінгі аралықта Малайзияның Куала-Лампур қаласында өткен жарысқа Азияның 18 елінен спортшылар қатысқан болатын.
Сәбина Бақатова Қазақстан құрамасының сапында командалық біріншілікте алтын медаль жеңіп алды. Гимнастиканың жекелеген түрлерінің ақтық сынында ол қола (доп) және алтын медаль (шоқпар) иеленіп, Азия чемпионы атанды. Спортшының жаттықтырушысы - Қазақстан Республикасының көркем гимнастикадан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Светлана Красникова.
Сәбина Бақатовадан бөлек Куала-Лумпурда №1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің гимнастшылары өнер көрсетті.
Солардың ішінде Айбота Ертайқызы жасөспірімдер арасындағы командалық біріншілікте бірінші орынға және жасөспірімдер арасында лентамен жаттығу жасауда үшінші орынға ие болды. Ал Селина Жұматаева мен Адиля Тілекенова жасөпірімдер арасындағы командалық біріншілікте екінші орын алды.
Айта кетейік, көркем гимнастикадан XVI Азия чемпионатының қорытындысында Қазақстан командасының гимнастшылары 17 медаль, оның ішінде 7 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алған болатын.