Елордалықтар үшін Абай ескерткіші алдындағы дәстүрлі шараны Астана қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекциясы өткізді. Ақынын ұлықтаған астаналықтардың алдында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қияқбай Асамбаев Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» пен «Көзімнің қарасы» әндерін орындады. Жанды дауыстағы «құлақтан кіріп бойды алар» әсем әннің орындаушысы көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұдан кейін Астана қаласы әкімдігінің қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициналық мекемесінің қарттары Абайдың орыс тіліне аударылған өлеңдерін оқыды.
Шараға ҚР мемлекеттік күзет қызметіне қарасты 0112, ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскерилері де қатысты. Абай мұрасынан сарбаздар да кенде емес екен. Ортаға шығып ақынның өлеңін жатқа айтып, әндерін әуелете орындаған сарбаздар шара көркін қыздыра түсті. Әсіресе, Асқар Базарбайдың гитарамен орындаған «Көзімнің қарасы» әні жиналған жұртшылықтың зор ықыласына ие болды.
«Қарағанды облысының Майқұдық өңірінен келіп отырмын. 7 жасымнан бастап ән айтамын. Шыны керек, бұрын гитарамен Абайдың әндерін орындап көрмеппін. Ендігі кезекте, Абайдың өзге де әндерін гитараға салып, орындасам ба деймін», - дейді Асқар Базарбай.
Шара барысында №60 мектеп-лицейінің оқушылары Абай өлеңдерін оқып, көпшілік жылы әсермен тарқасты.